Шымкент қаласын бірге көркейтеміз!

234

Болатбек Нажметдинұлы: «Заң шығарушы орган шикілік қай тұстан кетіп жатқанын білетін, барлық салада тәжірбиесі бар адамға мұқтаж»

 Көптен күткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауының науқаны да басталды. Ел болашағын айқындайтын осынау маңызды саяси науқанға қатысушылар қызу дайындық  үстінде. Біз Шымкент қаласы  №7 округы бойынша  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Болатбек Нажметдинұлымен сұхбат құрып, оның келешекте нендей мәселелерге тереңірек үңілетінін сұраған болатынбыз.

Болатбек Нажметдинұлының есімі оңтүстік өңіріне етене таныс. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы)  әкімінің орынбасары бола жүріп, өңірдегі талай түйіткілді мәселенің түйінін шешкен ол бүгінде бизнес әлемінде өз орнын қалыптастырған жан. Мемлекеттік қызметтен кеткеніне тура 10 жыл өткен соң өзін саяси додада сынап көргелі отырған үміткер мандатқа не үшін қызықты? Саясат сахнасынан қайта көрінуіне не түрткі болды? Біз кандидатқа алдымен осы сұрақты қойдық.

– Облыс әкімінің орынбасары қызметінен өз еркіммен сұранып кеттім. 4 жыл демалыссыз жұмыс істеп, әбден жүйке тоздырдық. Ол кезде жұмыс та, жүктеме де көп еді. Мемлекеттік қызметке келместен бұрын кәсіпкер болатынмын. Кәсіпкерлікке кеткім келді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге арналған даму бағдарламасы қолға алынып, жеңілдіктер шығып жатқан.  Алдыма мақсат қойдым, алма бауын дамытуды, көлік тасымалын ілгерілетуді, инновациялық бағыттағы еуропадан кем түспейтін зауыт салуды жоспарладым. Алдыма қойған мақсатқа қол жеткіздім.

Алайда соңғы 5 жылдан бері елімізде болып жатқан түрлі жағдайлар, жастардың білім деңгейі, заңнамалардың шалалығы, билік пен халық арасындағы алшақтық, түрлі бағдарламаларға қаралып жатқан тиісті қаржылардың діттеген орнына толық жетпеуі сынды еліміздің болашағына кері әсер ететін жәйттер мені үнемі мазалап жүретін болды. Бұл туралы өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда жиі айтып,  ой-пікіріммен бөлісіп отырамын. Негізінен стратегиялық салада терең білім мен тәжірибе жинағандықтан министрліктер мен Парламент тарапынан қабылданатын кейбір шала шешімдерге, бір-біріне қарама-қайшы заңдарға әсер ету үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына  кандидат ретінде қатысып отырмын.

Ел ішіндегі кәсіпкерлер мен шаруалардың алға жылжуына мүмкіндік бермейтін  кедергілерге жоғары тұрған органдардың назарын аударғым келді. Шыны керек, мемлекет тарапынан түрлі салаларда өңірлерді дамытуға бағытталған қыруар бағдарламалар бар. Оған қазынадан миллиардтаған қаржылар қаралады. Сол миллиардтар діттеген жеріне, нағыз керекті жеріне бағытталып жатыр ма? Осы мәселені зерттеп қарағанымда бағдарламаларды түзіп, заңнамаларды жасап отырғандар кабинеттен ұзамаған азаматтар болып шығады. Олар қаладан далаға шықпағандар. Өзімнің парақшамда осы туралы да айттым, түрлі пікір қайшылықтары туындады. Министрлік айтқан уәжіме келіскенімен, бірақ заңнама түгелдей қабылданып, қолданысқа еніп қойғандықтан шарасыздық танытып жатады. Мәжілісте әдемі киініп, әдемі сөйлейтіндер көп. Алайда, кәсіби деңгейге келгенде стратегиялық маңызы бар ауылшарушылық, құрылыс, транспорт және қаржы ережелерін толық білмейді. Менде өндірісті нөлден бастап ұйымдастыруда үлкен тәжірибе бар екенін нық сеніммен айта аламын. Ендеше, заң шығарушы орган өндіріспен таныс, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қыр-сырын түсінетін, жүйелік сәтсіздіктердің шикілігі қай тұстан шығып жатқанын жақсы білетін, жеткілікті өмір тәжірибесі бар адамдарға мұқтаж. Шүкір мен өзім жететін жерге жеттім. Алдыма қойған мақсатым орындалды, өзімді кәсіби жетілдірдім. Өндіріп жатқан алмама сұраныс көп, жүк көліктерім сыртта шетелдерге шығып жатыр, зауытта жұмысшыларым күні-түні жұмыс істеп тұр. Тіпті 2023-2024 жылдарға тапсырыстар бар.

– Сөзіңіз аузыңызда, осы тұста жасыратыны жоқ, көпшіліктің санасында депутаттыққа кандидат болатындар негізінен өз бизнесіне қолдау көрсету үшін отырады деген ой қалыптасқан…

– Ауылда туып-өстім. Кейін қалаға көшіп келдік. Экономикалық, заңгерлік және инженер-құрылыс бойынша білімім бар. Шымкент тұрғындарына тән табандылық, еңбекқорлық әрі ептілік арқылы мен жеке кәсіпкерден бастап, «DALA GROUP» компаниялар тобын негізін қалаушыға дейін ұзақ жолды жүріп өттім. Қызмет жолымды  бухгалтер-ревизордан бастадым, ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі болып, облыс әкімінің орынбасарына дейін өстім. Кейінгі он жыл «Dala Trans» АҚ бас директорымын. Иә, мен  барлық жағынан өзімді дамытып қойдым. Енді депутаттығымды пайдаланып бизнесімді қорғап отыратын болсам ол менің ең әлсіз жерім болмай ма?!. Әлсіз адамға қара да жұққыш келеді ғой. Мандат иесі болғанда жоғарыда айтқан мәселелерді қорғамасам, елдің жағдайын көтермесем ертең 10 жылдан кейін ашынған халықтың саны көбейе береді. Қаңтар оқиғасы түкке тұрғысыз болып қалады. Менің мақсатым, заңдарды күшейту, бөлінген қаржының тиісті орынына жетуіне ықпал ету, сапалылыққа  ден қою. Шымкент қаласының аумағы кеңейіп келеді. Баршамыздың бастапқы мәселеміз күнделікті таңертең жол кетпелісінде тұрып, жолдың сапасына бас шайқаймыз, электр қуатының жиі өшіп қалуына налимыз, сапасыз білім деңгейіне және басқа өңірлік мәселелерге  тап боламыз. Демек, осы мәселелер шешілмесе, асқына береді. Сондықтан олардың шешіміне бүгін қол жеткізу керек деп санаймын.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде Шымкент қаласынан №7 сайлау округін таңдапсыз. Сізді осы учаскемен  не байланыстырады? Егер халықтан қолдау тауып, халық аманатын арқалар мандатқа ие болып жатсаңыз ең алдымен неге басымдық берер едіңіз?

– Біріншіден, мен осы округте тұрамын. Екіншіден, №7 округ халық саны жағынан көп, өндіріс орындары молынан шоғырланған аймақ. Ал мен мүмкіндіктерімді толық көрсету үшін аумағы үлкенді ұнатамын. Жалпы, Мәжіліске түсіп жатқандықтан Шымкент қаласындағы 2 округті бөліп-жара алмаймыз. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда облыстың да, қаланың да әкім орынбасары аталып кеткенім бар. Екеуінің де жұмысын атқаратынмын. Шымкент қаласының да мәселесіне толық  қанықпын. Тіпті  Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мәселесі бір болып есептеледі. Сондықтан Мәжіліске барғанда екі өңірге де қолайлы жағдай жасауға жұмыс істеймін. Бірінің мәселесі шешілсе келесініңкі де өздігінен шешіліп жатады.  Бірін-бірінен айырып алу мүмкін емес.  Менің мақсатым да Шымкент қаласы мен  Түркістан облысын дамыту.

– Сайлауалды бағдарламаңызда Шымкент қаласының қаржылдандыруын ұлғайтуды жүзеге асырамын депсіз. Егер бұл мақсатқа қол жеткізіп жатсаңыз ол қаржы негізінен қандай шараларға жұмсалуы керек?

Бізде көптеген жоспарлар бар. Көбінесе  қаржының жетіспеуіне байланысты кейбір қаржылар қысқарып қалады. Болмаса өз орнына жетпей жатады. Сондықтан қаржының біріншіден сапалы жеткізілуіне күш салу керек, екіншіден Шымкент қаласының бюджетінде  кірісінен гөрі шығысы көп мәселелер бар.  Республикалық бюджетке қарайтын дотациялы аумақпыз. Сондықтан қаржы бөлінген кезде халықтың көп шоғырланғанын ескере отырып, жан-жақты негіздемесін тиянақты жасап, үкімет пен мәжілісте  дұрыс қорғау керек. Ол менің қолымнан келеді. Себебі мен бюджет кодексінің не екенін білемін, салалық программалардан хабарым бар. Тығырықтан шығу жолдарын қарастыра аламын. Сондықтан менің Шымкентке қаржыландыруды ұлғайтуға тәжірибем жетеді деп ойлаймын. Ал, ол қаржы негізінен қандай шараларға жұмсалуы керек, дегенге келер болсақ, қаланың қарқынды дамып, құрылыс нысандары салынып, адам саны өсіп жатқанын көріп жүрміз.  Газ бен ауыз суы әлі де тартылмаған учаскелер бар, электр энергиясы тұрақсыз, жолдарда кептеліс көп. Жол мен энергия желілеріне түсетін жүктеме арта түссе салдары қандай болады? Коммуналдық апаттарға жол бермеу үшін инфрақұрылымды қазір нығайтып, кеңейту керек – қаланың бас жоспарында саны өсіп келе жатқан тұрғындардың қажеттілігін ескеріп, жер бөлу, желілерді тарту қажет. Мәжіліс депутаты ретінде Шымкент қаласына жолдар және жол айырықтарын салу, өмірге қажетті инфрақұрылым – орталықтандырылған газ, су, тұрақты электр энергиясымен қамту үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемінің артуына қол жеткізетін боламын.

Әлеуметтік желідегі парақшаңыз арқылы жазбаларыңыздан көзқарасыңызды, халыққа жақындығыңызды, кейбір мәселелерге көңіліңіздің толмайтынын байқап жүрміз. Енді депутат болсаңыз биліктің де, халықтың да көңілінен шығуыңыз керек болады. Бұл мәселе сізге қиындық туғызбай ма? Мәселен, кейбір жәйттерді талқылағанда депутаттардың 90 пайызы қол көтереді.

– Иә, қиындықтың көп болатынын біліп отырмын. Рас,  90 пайыз депутат қол көтереді. Бірақ, сол қол көтергенге дейінгі процесте пысықталғанға дейін, яғни мәжілістің қарауына жеткізбей тұрып жұмыс істеу керек. Салалық министрліктің қабырғасында қаралып жатқанда оны реттеуге күш саламын.

– Болатбек Нәжметдинұлы соңғы жылдары өнім өндіруден бөлек, кәсіптік білім беру бойынша Шымкент қаласындағы аграрлық және құрылыс колледждерінде жұмыс жүргізіп келесіз. Осы ретте білім саласында қандай да бір бетпе-бет келген мәселелер болды ма?

– Бұл мәселе де мен үшін ең жаралы тақырыптардың бірі. Иә, 2020 жылдан бері осы салада да тәжірибе жинадым. Студенттердің білімі мен шеберлік сапасына байланысты қиындықтарға тап болып, мамандар мен еңбек нарығындағы жұмыс қолының тапшылығының қайдан туындап жатқанын түсіндім. Ащы болса да шындық. Қазіргі білімнің сапасы өте төмен. Мұғалімдердің мәртебесін көтеріп жатыр, жалақыларын өсірді, басқа да жағдайлар жасауда. Мемлекет беріп жатыр. Ал, енді оның қайтарымы, жемісі қайда? Жыл сайын 1 мыңдап, 2 мыңдап  шығарып жатқан кәсіби мамандарымыз қайда кетті? Мысалы агроколледжге барғанда 1300 баланың 1000-ы сабақта жоқ екенін көрдім. Оқытушылар «бар» деген белгі қойып отырған. Одан соң бітірушілердің 70-90 пайызы жұмысқа орналасты деген мәліметтер дайындалған. Оны зейнетақы аударымдары арқылы тексеріп шықтық. Сонда бар болғаны 4-5 пайыз бітіруші жұмысқа орналасқан болып шықты. Демек, мемлекет сол колледжге мәселен 100 млн теңге құйды дейік, соның 5 миллионы ғана өз мақсатына жұмсалғаны ғой. Сонда қалған 95 миллионы далаға кетті ме? Қағаз жүзінде барлығы да керемет болып толтырыла береді. Мемлекет берді ме, қайтарсайшы. Біздің мақсатымыз директорға жағдай жасау ма, әлде балаға дұрыс мамандық кәсіп беру ме? Дәл осылай жалғаса берсе жұмыс істемейтін кәсібі жоқ адамдар көбейе береді. Сөйтіп ондайлар қаңтар оқиғасын тудыра береді. Қаралы қаңтарда оқиғаның басында жүргендер кім? Бәрі сол жұмыссыздар мен билікке көңілі толмай жүрген азаматтар. Әркімнің айқайына еріп кетіп, көшеге шықты.  Ал сол кезде біздің зауытта 100 пайыз жұмысшымыз өз орнында отырып, жұмысын істеп жатты.  Неге? Себебі оларға жағдай жасап қойғанбыз. Жұмысы бар, жеткілікті айлығы бар, олардың атойға қосылу ойына да кірмейді, уақыттары да жоқ. Жастарға жақсы өмірді көрсетуіміз керек, олар болашаққа сенуі керек. Өткен жылы Президенттің алдына кіргенде білім министрлігінің шешімдері мен біздің оқыту тәсіліміздің сай келмейтінін айтқанмын. Себебі, бізге далаға басқа мамандық керек, ал министрлік қажетсіз мамандықтарды ұсынады. Байқап отырсам, күннен күнге елдің жағдайы күрделеніп барады. Жұмыссыздықтың  саны одан сайын артуда. Кәсіби білімі бар адамдар зейнетке шығып жатыр.  Ал орнына  келіп жатқан азаматтардың жағдайы мәз емес.

Қазір біз, колледж студенттері үшін практикалық сабақтар мен еңбек практикасының үлесін арттыру және сапасын жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Өйткені қажетті дағды мен білім болмаса колледж студенттері жұмысқа тұра алмайды. Бұдан бөлек, студенттер баспана мәселесіне тап болады. Себебі, нарықтық экономикада, студенттердің жатақханаға алаңдамай білім алуына жағдай жасау қажет деп санаймын. Студент жастардың мәселелерімен ҚР Парламенті Мәжілісінде жұмыс істеуді жоспарлап отырмын.

– Сайлауалды бағдарламаңызда азық-түлік өнімдерін қолжетімді ету және сапалы тамақтануды қамтамасыз ету жайына да назар аударамын депсіз…

– Қазіргі кезде, қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды. Ал Шымкент азық-түлік бағасы қымбат топ-3 қаланың қатарына кіреді. Қазіргі табысымыз, сапалы дұрыс тамақтануды қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Нарықтық экономикада бағаны қалай ұстап тұруға болады? Әіресе баға бүкіл әлемде өсіп жатқанда мұны қалай реттеу керек? Тауар саны көп әрі бәсекелестік жоғары болған сайын баға қолжетімді бола түседі, таңдау көбірек болады. Мысалға алманы алсақ, 2022 жылы алма өткен алдыңғы жылмен салыстырғанда 36 пайызға көбірек өндірілген және әр үшінші алма – Dala Fruit бақтары мен серіктестері орналасқан Түркістан облысында өсірілген. Өңіріміз алма өсіруден алғаш рет Алматыдан асып түсті! Өңірдегі барлық алманың үштен бірін біз және серіктестеріміз өндірді. Осылайша, біз өз еңбегіміз арқылы шымкенттіктер үшін алма бағасын ұстап тұруға үлес қостық. Мемлекет, фермерлерге өнім көлемін арттыруға мүмкіндік жасап, делдалдардың артық баға қосуымен күресу арқылы, халыққа бағасы оңтайлы және сапалы отандық өнімді қолжетімді ете алады. Жалпы үкімет бағаға жиі араласады. Біздің экономикамыз жоспарлы емес, нарықтық. Үкімет стратегиялық қор жинау керек. Өзіне қажетті қорды алу үшін шаруаға тапсырыс берсін, оның жағдайын жасасын, қажетті қорының нақты мөлшерін айтсын. Сонда шаруа да жоспарлап жұмыс істейді. Бізде керісінше Үкіметтің араласуымен фермер шығарған өнімінің бағасын кеткен шығынын өтемейтіндей бағаға сатады. Осылайша шаруаларды да қашыртып алдық. Өнімнің азайып жатқаны да содан. Кәсіпкерді қолдауымыз керек. Кәсіпкер ол салық, ол жаңа жұмыс орны, ол әлеуметтік төлемдер. Сондықтан мен ойлаймын елдің тағдыры кәсіпкерлердің қолында. Мәжіліске барғанда осы жағынан заңнамаларды қарастырамын. Отандық сапалы өнім өндіруші фермерді қолдау арқылы, біз халықты қолдай аламыз.

Сапалы тамақтануды қамтамасыз етуге келер болсақ, мемлекеттік сатып алу жүйесі мемлекеттік балабақшалар мен басқа да бюджеттік мекемелердегі оқушылар мен балаларға ең арзан, көбінесе сапасыз өнімдер бөлінетіндей етіп жасалған. Бізде керісінше болуы керек. Ең алдымен, біздің балаларымызға, аурухана пациенттеріне таза, сапалы жергілікті тағамдар бөлінуі тиіс. Мен бұған қалай қол жеткізу керегін білемін.  Өз деңгейімде сатып алу жүйесін ұлттың, қазақстандықтардың пайдасына өзгерту бойынша ұзақ уақыт жұмыс жүргізіп келемін. Депутат статусында бұл жәйтте де нәтиже көп болады деп сенемін. Сапалы азық түлік өнімдері – дені сау ұлттың кепілі!

Әлемде соңғы болған оқиғаның бірі Түркиядағы жер сілкінісі біздің елімізге де сабақ болуы тиіс екені жиі айтылады. Әсіресе Шымкент қаласы тұрғындары сейсмикалық жағдайға алаңдап жүр. Құрылыс саласын жетік меңгерген азамат ретінде сейсмикалық қауіпті өңірде құрылыс стандарттарына көңіл бөлесіз бе? 

              – Қазіргі кезде, әлеуметтік тұрғын үй сапасы-төмен үй ұғымымен пара-пар болды. Бұл жайт, жас және көпбалалы отбасылар, сонымен қатар әлеуметтік тұрғын үйді алатын басқа да азаматтар үшін жайсыздық, қосымша шығын ғана емес, сондай-ақ Шымкент қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі де болып тұр. Сейсмикалық қауіпті өңірде құрылыс стандарттарын қатаң сақтап, сапалы материалдарды қолдану аса маңызды.  Мен бұл саланы ішінен жақсы білемін, өйткені он жылдан астам уақыт бойы Шымкентте құрылыс салып, құрылыс материалдарын жасап, өзіміз өндіріп келеміз. Біз, қаланың үй құрылысы комбинаттарының мықты дәстүрін сақтай алдық және сапалы әрі арзан құрылыс салуды білеміз. Рас, құрылыс саласында қалтасының қамы үшін неше түрлі адамдар кіріп кетті. Олардың көбісінің кәсіби деңгейі төмен. Ең алдымен олардың кәсіби деңгейін көтеру керек. Қаржысын дұрыстап беріп,  сапалы құрылысқа талап қоятын болсақ реттеуге болады. Мен, Депутат болу арқылы, мемлекеттік объектілерді салуда біркелкі тәртіпті, сапа мен қол жетімді бағалардың қалыптасуын қадағалайтын боламын.

– Шымкенттіктер үшін логистика саласында мыңдаған жұмыс орнын ашуға болады депсіз…

– Иә, көлік саласындағы көп жылдық тәжірибемнен байқағаным,  бұл салада кәсіпкерлер үшін жүздеген мүмкіндік барын және шымкенттіктер үшін мыңдаған жұмыс орнын ашуға болатынын көріп отырмын.  Өңіріміздің Қазақстанның оңтүстігінде және халықаралық, республикалық жол тораптары қиылысында орналасқаны қалаға жолаушыларды, жүкті тасымалдау, жүкті сақтау  және басқа да қызметтерден ақша табуға мүмкіндік береді. Жүк тасымалдаушылардың проблемаларын шешу арқылы осы әлеуетті дамыту керек деп санаймын. Бұл салада халықаралық компаниялармен тең емес бәсекелестіктен бастап, жолдағы озбырлыққа және автомобиль жолдарының сапасыздығына дейін мәселелер қордаланып қалған. Депутат статусында, осы ауқымды әрі перспективалы салада қызметтерді экспорттау, бизнесті қолдау және жұмыс орындарын құру мүмкіндіктерін ашу бойынша жұмысты жалғастырамын.

– Қай салада болмасын мәселе көтерілгенде нақты, дәлелді жан-жақты жауап беруге дайын болып тұрсыз ғой…

– Ол жағынан еш мүдірмей әмбебаппын деп айта аламын.

– Сұхбатыңызға рахмет, Сәттілік болсын!

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленді

Алдыңғы пост
Yandex Go қосымшасындағы арнайы мүмкіндіктер экраны Қазақстанның барлық қалаларында қолжетімді болды   
Келесі пост
IdeaCamp2023: Әлеуметтік желіге арналған контент идеялары байқауына өтініш қабылдау басталды

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Fill out this field
Fill out this field
Please enter a valid email address.
You need to agree with the terms to proceed

Видео

Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді

Күннің жаңалықтары

Оқырмандар арасында танымал

Редакторлар бағандары

Барлық тегтер

Menu