Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі қаңтар-маусым айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.
6 айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалғаны, өсім динамикасы тіркелгені атап өтілді.
Мегаполисте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4 пайызға артты.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көлемі 14 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 32,3 пайызға артты.
Сонымен қатар, жалпы сауда көлемі 7,3%-ға, оның ішінде, бөлшек сауда 21,4 пайызға өскені байқалды.
Үкімет басшысы жауаптыларға өңірлерді дамытуда бірқатар тапсырмалар жүктеп, жалпы қабылданып жатқан шаралардың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Ал жалпы алғанда, Шымкент «үшінші қала» статусын алғалы бері қалаға инвестиция тарту көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Тіпті, Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтарының бірі. Қалада түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібінің өнеркәсіптік кәсіпорындары бар. Жалпы, жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға артады деп күтілуде. Тіпті, инвестиция тарту бойынша үшінші мегаполис көш бастап тұр.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде үшінші мегаполисте инвестклимат жақсарып келеді. Бұл бағыттағы кешенді шаралар өз жемісін беруде. Биылғы алғашқы тоқсанда қалаға 84,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Былтыр тиісті кезеңмен салыстырғанда 109,6% құрап отыр.
Осы тұста айта өтер жайт бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне ерекш тоқталған болатын.
– Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.