Шымкентте 95 жастағы қарт тұрғын жерлеу рәсіміне деп бар жиған-тергенін алаяқтарға беріп қойған. Қария мұндай қадамға немересі үшін барған көрінеді.
Полицияға белгісіз адамың қарт тұрғынды алдап, 1 миллион теңгесін алып кеткені туралы хабарлама түскен.
Жәбірленушінің тұрғылықты жеріне келген жедел-тергеу тобы анықтағандай, ол апатқа ұшыраған немересінің операциясы үшін қолындағы барлық жинап-терген қаражатынан айырылған. Туысының жағдайы туралы үй телефонына қоңырау шалған бейтаныс ер адам хабарлап, әйелді тек қымбат операция құтқара алатынын жеткізген.
Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер өзінің жерлеу рәсіміне және табытына жинаған ақшасын үйіне келген курьерге беріп жіберген.
Іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камералары арқылы ақшаны алуға келген адамның жеке басын анықтаған. Ол сауда нүктелерінің бірінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы менеджер болып шықты.
«Ол онлайн түрде алып отырған нұсқаулықтар бойынша әрекет етіп, мекен-жайлардан алынған қолма-қол ақшаны белгілі бір банк шоттарына аударып отырған. Курьер қызметі үшін 100 мың теңгеге дейін төлемақы алған», -дейді Әл-Фараби аудандық ПБ тергеушісі Абылайхан Молдабек.
Полицейдің айтуынша, ұсталған азаматтың ұялы телефонын тексеру нәтижесінде оның басқа да ұқсас жайттарға қатысы бар екені анықталды. Дәл осы жолмен ол тағы да 2 егде жастағы тұрғындардан үлкен соманы алып кеткен.
Алаяқтық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.