Шымкентте жергілікті тұрғын қомақты ақшасынан айырылды. Осылай деп полицияға арызданған ол өзін танысы алдап кеткенін айтқан. Оның сөзіне сенсек, танысы қайтарымсыз грант алып беруге уәде еткен. Ол қызметі үшін алдын ала 4 миллион теңгесін алып, алты ай бойы уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай қойған.
Оның арызы Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде жергілікті жердің тұрғынын анықтады. Ол полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған азаматша 31 жаста. Жоғары білімді, уақытша жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, ісіне өкінетінін жеткізді. Алған ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген екен. Тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде.