Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының техникалық комитеті төрайымы Ольга Соловьевамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда және халықаралық деңгейде ауыр атлетиканы дамыту әлеуетін талқылады. Әсіресе, елімізде өтетін ірі турнирлерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, шілде айында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Сондай-ақ 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай беретін әлем чемпионаты да елімізде ұйымдастырылмақ.
Министр Қазақстанда өтетін халықаралық жарыстардың отандық спорт үшін маңызды екенін атап өтті.
Ал, Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари Қазақстанмен ауыр атлетика спортын дамыту бағытында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол, Қазақстанның ауыр атлетиканы әлемдік деңгейде насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.