Ақбөкен мүйізін сатушылар мемлекетке 3,5 миллиард теңге шығын келтірген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі департаментінің хабарлауынша, үш қазақстандық азамат ұсталды. Тінту кезінде олардан 1382 ақбөкен мүйізі тәркіленген. Қазіргі таңда ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер, кінәсі дәлелденсе, үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетсек, елімізде 2023 жылға дейін ақбөкен атуға тыйым салынды. Бұл шара киіктердің санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында жасалған болатын. Даланың сәні саналатын ақбөкенді аяусыз қырып, мүйізін пайда қылғысы келетіндер азаймай отыр.
Болжамды деректер бойынша, 2023 жылдың соңында киіктердің саны төлдерін есептеп отырып, шамамен 2,6 млн басты құрады. Оның ішінде Орал популяциясының саны 1,5 млн-нан асқан болатын.