40-қа жуық түркістандық шенеунік бір күнін темір тордың ар,ы жағында өткізді.
Лауазымды қызметкерлер Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 түзету мекемесіне барды. Шенеуніктер темір тордың ар жағындағылардың ахуалымен танысты. Қамаудағы жағдайды өз көздерімен көрді.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабаралуынша, бұл шара шенеуніктер арасындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын-алу үшін ұйымдастырылған. Мақсат – мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жазаның қалай өтелетінін тікелей таныстыру арқылы жемқорлықтың алдын алу. Пара алғанның барар жері абақты екенін ұғындыру.
Қатаң режимдік бақылау изоляторына мемлекеттік мекеме басшылары мен олардың орынбасарлары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, жалпы 40-қа жуық адам арнайы автобуспен жеткізілді. Мемлекеттік қызметкерлер сотталушылардың жататын жері, тергеу изоляторы, жеке камера, асхана мен аулаларын аралап көрді.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге әсер етеді.