Ақмола облысында ішімдікке сылқия тойып алған екі ер кісі тұрғын үйде орналасқан кеңсеге кіріп, ұрлық жасаған. Олар құны 150 мың теңге тұратын моноблокты жымқырып кеткен. Екі достың бұл қылмысы үйдің кіреберісінде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Дәл осы бейнежазба арқылы криминалдық полиция қызметкерлері ұрылардың жеке басын анықтады. Ұрлық фактісі Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Ұсталғандардың бірінің айтуынша, бірнеше күн бойы ер адамдар спирттік ішімдік ішкен. Ал кеңсе орналасқан үйге аязды күні жылыну үшін кездейсоқ кірген. Содан ұрлық жасаған. Бұдан әрі моноблокты кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға 5 мың теңгеге сатып жіберген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.
Айта кетейік, күдіктілердің бірі мүліктік қылмыс жасағаны үшін бұған дейін сотты болған. Ал екіншісі алаяқтық әрекеттері үшін пробациялық қызметте есепте тұрған.