Атырау облысында 40 тұрғынды алдап соққан алаяқ ұсталды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жергілікті тұрғын 400 мың теңгесінен айырылып қалғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде бұл қылмысқа күдікті ретінде Қарағанды облысының тумасы, 35 жастағы әйел анықталған.
«Ол екінші дәрежелі банктер арқылы тауарлық несиелер алып беремін деп адамдардың сеніміне кіріп, қаражатты қалтасына басып отырған. Күдіктінің бұдан өзге Атырау облысының 40 тұрғынын алдап, 40 млн теңгеге жуық залал келтіргені анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) тергеу жүргізілуде» делінген департамент мәліметінде.
Ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті Алматы қаласында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.