Телефон алаяқтары тұрғындарға енді зейнетақы қорынанбыз деп хабарласып, халықты алдаудың жаңа әдісіне көшкен. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ескертеді.
«Өзін “БЖЗҚ” АҚ қызметкерімін деп таныстырып, салымшының зейнетақы шотын ашу үшін қандай да бір банктік шотты толтыруды сұрайтын анықталмаған тұлғалардың бірлі-жарым қоңырау шалу жағдайлары басталды. Қоңырау шалушылардың айтуынша, сот ісін жүргізу үшін өтемақы төлеу бойынша шетелдік банктерден төлемдер қабылдау үшін қолданылады екен. Егер сіз ақша аударудан бас тартсаңыз, зейнетақы шоты бұғатталып қалады-мыс» делінген ресми ақпаратта .
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қызметкерлері тарапынан мұндай қоңыраулар жүргізілмейтінін ескертеді. Сол үшін күмәнді қоңырау келіп түссе, әңгімені бірден үзе салған дұрыс.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабының 3-тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуға жол берілмейді.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 98-бабы 14-тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуға болмайды. Осылайша сот орындаушысының немесе кез келген үшінші тұлғаның сіздің жеке зейнетақы шотыңыздағы зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуы мүмкін емес. Сіздің жеке зейнетақы шотыңыз ешқандай жағдайда бұғатталмайды» деп хабарлады зейнетақы қорындағылар.