Түркістан облысы, Түлкібас ауданында түнгі уақытта ауыл ішінде трактор тізгіндеген ер кісі көлік жүргізу куәлігінен айырылды.
«МТЗ-80» маркалы тракторды тізгіндеген ауыл тұрғыны жол ережесін бұзып, оны полицейлер тоқтатқан. Тәртіп сақшылары құжаттарын тексеру кезінде жүргізушінің спирттік ішімдік ішкеніне күдіктеніпті.
«Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Жүргізушіге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес оның “орта дәрежелі” масаң күйде болғаны анықталды. Жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.
Сот шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.