16 қазанда Жаңаөзен қаласында Әмин Тұяқов атындағы стадионда дәстүрлі садақ атудан әр түрлі жас санаттары арасында алғаш рет I Республикалық чемпионат өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Бұл туралы Elitar.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, мұндай чемпионат елде алғаш рет өткізілуде. Дәстүрлі садақ ату сайысына еліміздің әр өңірінен 200-ден астам садақшы қатысты.
Чемпионатқа Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
– Дәстүрлі садақ ату Қазақстанда 90-жылдары басталды. Соңғы 4-5 жылда бұл спорт түрі ұлттық дәрежеге көтерілді. Бүгінгі чемпионат Маңғыстау облысында алғаш рет өтуде. Қазір бұл спортқа мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Бұл спорт түрімен 7 жастағы бала да, 70 жастағы қария да айналыса алады. Бұл спорт әлі де өзінің лайықты орнын алады деп ойлаймын. Бүгінгі жарысқа еліміздің көптеген облыстарынан кіл мықтылар келді. Біз бұл спортты әлемдік деңгейге шығаруға дайынбыз, ол үшін жан-жақты қолдау білдіреміз де. Жақында Түркияда өткен көшпенділер ойынында еліміздің садақшылары екінші орын алды. 35 елдің ішінде Қазақстан екінші орын алып, 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен оралды, – дейді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте 1-орынды Шымкент қаласының мергендері алса, 2-орынды Абай облысының мергендері алды. Ал, 3-орын Жетісу облысының мергендеріне бұйырды. Сондай-ақ, әр нысана бойынша жас шамасына қарай үздік мергендер анықталып, оларға да ақшалай сыйақы табысталды.