Шымкентте бір топ жігіт ұрыға көмектескен. Олар бейтаныс адамның ұры екенін білмеген екен.
Полицияға арызданған жергілікті тұрғын үйінің ауласындағы автотұрақтан мопед ұрланғанын айтқан. Келтірілген материалдық шығын – 400 мың теңге. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеген.
Жедел басқару орталығының көше камераларын тексеру кезінде ұрлық болған маңнан бір топ жігіттің мопед сүйреп шыққаны көзге түскен. Белгілі болғандай, бейтаныс жас жігіт олардан бұзылған мотокөлікті жолдың шетіне дейін шығаруға көмек сұраған екен.
«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде заң бұзушы тұрғылықты мекен-жайында ұсталды. Мопед тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдікті ұрланған мүлікті 2 шақырымға дейін жалғыз сүйреп, өз үйіне жеткізгені белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»-, деді Абай АПБ-ның тергеушісі, полиция аға лейтенанты Мұхтархан Дүйсенбаев.