Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халық санының жаңа дерегін ұсынды. 1 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі халық саны 19 246,3 мың адамды құраған. Оның оның ішінде қалалықтар – 11 479,6 мың (59,6%), ауыл-аймақта тұратындар – 7 766,7 мың адам (40,4%). Ал қаңтар-маусымда республика халқының табиғи өсімі 2021 жылдың қаңтар-маусым айымен салыстырғанда (139,7 мың адам) 7,7% кеміп, 128,9 мың адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, биыл алғашқы жартыжылдықта 198,1 мың сәби дүниеге келген. Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (216,2 мың адам) қарағанда 8,4% аз.
Қарастырылып отырған кезеңде елімізде 69,2 мың адам қайтыс болды, бұл 2021 жылғы қаңтар-маусымға (76,6 мың адам) қарағанда 9,6% аз.
2022 жылдың қаңтар-маусымында елімізде 1 жасқа дейінгі 1 649 нәресте шетінеген. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (1 688 шетінеген нәресте) 2,3% кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,32 оқиғаны құраған.