Түркістан облысы Сайрам ауданының полицейлеріне Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Әйелдің айтуынша, ол жалған жарнамаға алданып қалған. Яғни, жәбірленуші Ақсукент ауылындағы шипажайлардың біріне 10 күнге демалысқа шақырған хабарландыруға сеніп, 100 мың теңге аударған. Алайда соңында алаяқтар алдағанын түсінген. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
«Көп ұзамай күдіктінің жеке басы анықталды. Жедел уәкілдер жасырынып жүрген күдіктіні Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстап, полицияға жеткізді. Ол Төлеби ауданының тұрғыны, бұрын алаяқтық дерегімен сотты болған жас қыз болып шықты» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.
Бойжеткен жалған жарнама арқылы 12 шымкенттік тұрғынды алдаған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.