Түркістан облысы Кентау қаласында «Опел-Вектра» мен «Нексия» маркалы автокөліктерін жалға берген тұрғынды танысы алдап кеткен. Көлік иесі жалға алушыға хабарласқанымен, ер азамат жауап бермей байланыссыз кеткен. Осылайша алданғанын түсініп, полицейлерден көмек сұрады.
«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 1 миллион 300 мың теңгені құраған. Жедел уәкілдер іздестіру іс-шарасы кезінде күдіктінің жергілікті тұрғын екенін анықтап, полиция бөліміне жеткізді» делінген облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.
Белгілі болғандай ол заңсыз иемденген автокөліктерді пайда табу мақсатында сатып жіберіп, ақшасын жаратқан. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.