Түркістан облысы, Кентау қаласында ауыл маңынан жоғары сынып оқушысының мәйіті табылды. Бұл туралы полицейлерге баланың денесін көрген тұрғын хабарласқан.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқушы пышақ жарақатын алған. 15 қыркүйекке қараған түні түн ортасында екі ауылдың кәмелетке толмаған тұрғындары арасында тұрмыстық негізде жанжал туындаған. Марқұм болған жасөспірім төбелес кезінде қайтыс болған.
«Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ретінде көрші ауылдың тұрғыны анықталып ұсталды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жанжалдың қалған қатысушыларын ұстау шаралары атқарылуда. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Бүгінгі таңда елдімекендегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды» делінген Полиция департаментінің мәліметінде.