Шымкентте Қазығұрт шағынауданының тұрғыны полицейлерге арызданған. Оның айтуынша, өзінің пәтерін жалға беремін деп ішіндегі тұрмыстық техникалардан айырылып қалған. Атап айтқанда пәтер ішінен құны 330 мың теңге тұратын «LG» маркалы теледидары, 290 мың теңге тұратын «LG» маркалы кір жуғыш машинасы, 380 мың теңгелік «Hisese» маркалы тоңазтқышы жасырын ұрланған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 млн теңгені құраған.
«Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті құрықталды. Ол сол пәтерді жалға алған азаматша болып шықты. Күдікті жымқырған тұрмыстық заттарды қаладағы ломбардтардың біріне өткізіп, ақшасын өз пайдасына жаратқан. Пәтерден ұрланған заттар жәбірленушіге толығымен қайтарылды» деп атап өтті Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.