Қай салада болмасын Отан сүйгіштік және патриотизм ұғымы үлкен маңызды роль атқарады. Соның ішінде әскер қатарында сарбаздарды еліне деген сүйіспеншілікке, өз Отанының патриоты болуға ерекше тәрбиелейді. Әскер қатарында қызмет етіп жатқан сарбаздар, әскери өмірдің қыр – сырын меңгеріп, бір жылдан соң үйлеріне нағыз ер азамат болып оралады. Міне, Орал қаласының 5517 әскери бөлімінде өздерінің Отан алдындағы міндеттерін атқарып жүрген сарбаздарға сөз беріп, әңгімеге тартқан едік. Жауынгерлер өздері туралы сыр шертті.
Қатардағы жауынгер Момеджүнісов Ерасыл:
Мен әскер қатарына Атырау облысынан, осы Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне шақыртылдым. Алғашқы жас сарбаз дайындық курсында әскери өнердің бәрін меңгеріп алдым. Әскери іс менің достарым ойлағандай қиын емес. Сондай-ақ әскерге дейін әскерилер туралы естіген сөздердің жалған екеніне көзім жетті. Ойлап отырсам сол айтушылар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді көздеушілер екен. Ал бүгін әскери өмірдің ыстық-суығын арқалап жүрген қарулас достарыма ризамын. Біз әскерде жүргендер «әскерден қашатындардан» көш ілгерміз. Бетегеден биік, бір саты жоғары тұрмыз деп айталамын. Себебі, біз біріншіден, Отан алдындағы міндетімізді, ел-жұрт алдындағы қасиетті өтелуге тиіс борышымызды абыроймен өтеудеміз. Екіншіден, өзімізді нағыз жігітпіз деп толық баға беруге болады. Кез келген әскери орта өзіне жүктелген міндетті атқаруымен бірге, олардың әрқайсысының тыныс-тірлігі бар. Біз қызмет атқаратын әскери бөлімде бір күніміз екінші күнге ұқсамай өтіп жатыр. Сарбаздардың жеке басының рухани қажетін байыту үшін түрлі тақырыптық кештер ұйымдастырылып, мәдени шаралар өтеді. Ұзын сөздің қысқасы, әскери өмірді қай жағынан алып қарасақ та, өзіндік мән-мағынаға ие. Олай болса міндетімізді жігіт атына лайықтай етіп атқарайық.
Қатардағы жауынгер Нұрланов Дәулеткелді:
Әскердің міндетін жастар әскерге шақырылмай жатып-ақ біледі деп ойлаймын. Мектеп бағдарламасында оқытады, мектепте болмаса, әскерге барып келгендерден әскер жайын естиді дегендей, әйтеуір бір түсінік алады. Демек, Ұлттық ұланның қандай қызмет атқаратынын көптеген жастар біліп келеді десек артық айтқаным емес. Алайда, естіген мен көрген бірдей емес, қолмен ұстап, көзбен көріп, жүректен өткізген соң, әскери қызметті танып білесің. Мен өзім әскерге келердің алдында жақсы дайындалдым. Әсіресе, спортпен, оның ішінде күреспен ерекше айналыстым. Соның септігі қазір тиіп жүр. Сондықтан, әрбір жасты салауатты өмір салтын серік етіп, денсаулығын шынықтыру жолында спорттан қол үзбеуге шақырамын.
Қатардағы жауынгер Отарғұлов Мұса:
«Сарбаз» болып туылмайды, қалыптасады» деген сөз біз үшін тансық емес. Бұны мен әскерге дейін талай естігенмін. Әскерде жүріп-ақ жеке бастың рухани байлығын байытамын деген жаңға мүмкіндік мол. Тіпті, ұйымшылдықпен ұжымдасып істеудің өзі бір қызық. Әскерге келерде өзгеше бір өмірге тап болармын деп өзімді ерте бастан дайындадым. Жақсы командирлер қарамағына түсіп, бәрі сәтті басталды. Әскерде қызмет ету әрбір адамның Отан алдындағы борышы. Мен де жолдастарымнан қалыспай, елімнің тыныштығына үлесімді қосып жүрмін. Сөз соңында айтарым, Отан алдындағы азаматтық парызын қалтықсыз атқарып жүрген сарбаздардың қызметтеріне тек сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен, Ертуған Әубакир