«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының лауазымды тұлғалары кәсіпкерге 1 гектарды жерді заңсыз беріп жіберген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департамент басшысы Дәурен Ерғарин Facebook парақшасында жазды.
Антикор қаланың құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды әлі де жалғастырып келеді.
“2019 жылы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы лауазымды тұлғалары тарапынан инвестициялық жобаны іске асыру үшін бизнес субъектісіне аукционсыз 1 гектар жерді заңсыз беру фактісі анықталды. Бұл жер учаскесі бұрын кәсіпкерден мемлекет мұқтажы үшін алынып, бірақ кейіннен бизнестің басқа өкіліне берілген. Тексеріс барысында аталған учаскеде салынған коммерциялық ғимаратты инвестициялық жобаға жатқызуға болмайтындығы анықталған” делінген жазбада.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның және «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және іске асыру жөніндегі барлық шешімдері, сондай-ақ құрылысты қабылдау актісі сот тәртібімен жарамсыз деп танылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.