ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңес отырысында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтты. Сонымен бірге елімізде балалар скринингін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтер жұмысын күшейтуге арнайы тапсырма берді.
Шымкенттегі «Қамқорлық» №8 балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінгі күні 100-ге жуық бала қызмет алуда. Орталықта аутизм және аутистік спекторының бұзылыстары бар балаларға түзету-дамыту, қоғамға бейімдеу және әлеуметік оңалту шаралары көрсетіледі. Білікті мамандар сөйлеу тілінің жалпы дамуында бұзылыстары бар балалармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Мамандардың айтуынша, арнайы педагог мамандардың жеке және топтық жұмыстарының нәтижесінде балалардың визуалды қабылдауы, қарапайым қимыл-қозғалыстары мен дағдыларында оң өзгерістер байқалады. Логопедиялық жұмыстар жүргізу арқылы артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар балалар дыбыстар мен жеке сөздерді анық айта бастаған.
Қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметік қорғау басқармасына қарасты 110 орынға есептелген мекеме жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетеді. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық бөлме, робототехника және лего-бөлмелері, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханаларымен қамтамасыз етілген.
Мұнда балалар арнайы педагог мамандарының бақылауында болып, медициналық тексеруден өтеді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға логомассаж тағайындалады. Сондай-ақ, балалармен аптасына 2 күн жеке жұмыс жүргізіледі.
Естеріңізде бұл орталық, дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орай ашылған болатын. Жаңа орталықтың ашылуына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице–министрі Ербол Оспанов, қала әкімі Мұрат Әйтенов және «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жамишев пен “Самұрық-Қазына”АҚ, «Samruk-Kazyna Trust» Корпоративтік қорының өкілдері қатысты. Орталықтың ашылуына арналған жиында қала әкімі арнайы сөз сөйлеп, ерекше балаларды оңалтуда мекеменің маңыздылығына тоқталды.
«Бұл орталықта аутизм дертіне шалдыққан балаларға заманауи әдістер бойынша оңалту, өмірге бейімдеу шаралары жүргізіледі. Ғимарат «Қамқорлық» қоры ұсынған «Бренд бук» үлгісі негізінде экологиялық таза құрылыс материалдарымен жабдықталған.
Мұның барлығы біздің ерекше күтімді қажет ететін балаларымыздың денсаулығын жақсарту үшін жасалып отырған игі шаралар» – деді қала әкімі.