Шымкентте түнгі клубқа келушілердің шұлықтарынан есірткі табылды. Рейдтік іс-шаралар кезінде полицейлер қаладағы түнгі клубтардың бірінің кіреберісінде тыйым салынған заттар бар деген күдікпен екі жасты тоқтатқан.
Тексеру нәтижесінде 22 жастағы бойжеткеннен ұнтақты заты бар шағын полиэтилен пакеті табылды. Тәртіп сақшылары дәл осындай ұнтақты оның 19 жастағы досынан да тапты. Олар есірткінің бір реттік дозасын қолданып көру мақсатында шұлықтарына жасырған.
Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың «мефедрон» екенін растады. Ұсталғандар өз жауабында есірткіні көшеден тауып алып, клубқа көңіл көтеру үшін алып келгенін айтқан.
“Аталған жайт Әл-Фараби АПБ-да ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі «Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша тіркелді. Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы қолданылды” деп мәлімдеді қалалық Полиция департаментіндегілер.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.