Шымкентте 67 жастағы әжей дүкенде ұрлық жасаған. Оның бұл әрекеті сауда орнындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Телефонын орнынан таппай қалған азық-түлік дүкенінің қызметкері болған оқиға туралы полицияға хабарлаған. Сатушының айтуынша, ұрланған смартфоны тауар тұрған сөренің үстінде жатқан. Келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгені құраған. Жәбірленушінің арызы ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында бір сағаттың ішінде смартфонды ұрлаған адамның жеке басы анықталған. Ол 67 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Телефонға көзі түскен әжей сөрелерден белгілі бір тауарды іздеп жүргендей кейіп танытқан. Сатушының назары басқа жаққа ауғанын пайдаланып, смартфонды сөмкесіне салып, сауда нүктесінен шығып кетуге асыққан. Тәртіп сақшылары гаджетті тәркілеп, заңды иесіне қайтарып берді.