Әлеуметтік желілерде «Әскердегі беташар» деген атаумен түсініксіз видео тарады. Онда бір топ сарбаздың беташар рәсімін келеке етіп тұрғанын көруге болады. Олардың бірі домбыра тартып, асабаның рөлін атқарады. Ал бір сарбаз «келін» образына енсе, екеуі жауынгердің екі қолынан демеп, «жеңгенің» кейпін сомдайды. Олардың үшеуі де сызылып, бас киімдерін беттеріне дейін түсіріп алған. Домбыра тартып отырған жігіт әндетіп, «келінге» сәлем салғызады. Өзге жауынгерлер көрімдік ретінде оған ақша қыстырады.
Бұл видео желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
«Әскери қызметте, темірдей тәртіп болу керек. Мынау не масқара? Осылар ел қорғай ма? Кімге сеніп жүрміз?», «Беташарды мазақ қып, іштері пысып отыр екен», «Бұл не сұмдық? Отан қорғайтын сарбаздарды «старшактар» мәжбүрлеп отырған сияқты. Кім болса да жазасын алсын», «Әскердегі өлімнің көбеюі осылай еркекті әйел қылудан, тәртіп жоқ», «Осыны да өнер дей ме? Әлде қызтеке болғылары келе ме?», «Жетіскен екенбіз, әскерде еркектің бетін ашып, ыржала-ыржалаң не күлкі? Сана да жоқ, ар-ұят та жоқ…», «Осындай нәрсені мазақ етуге қалай ұяттары барды?» деп жазды желі қолданушылары.
Видеоның қайда және қашан түсірілгені туралы нақты ақпарат жоқ.