455
Түркістан облысы Төлеби ауданында белгісіз үш адам зейнеткер әжейді қорқытып, тонап кеткен.
Жәбірленушінің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұрылар терезесін бұзу арқылы баса-көктеп кірген. Содан зейнеткерді қорқытып, жатын бөлмесінен алтын бұйымдары мен екі ұялы телефонын, банк карточкаларын жымқырып кеткен.
Полицейлер аталған фактіні Қылмыстық кодекстің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеді. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Олар жұмыссыз, бұрын сотты болған жергілікті тұрғындар болып шықты.
Күдіктілер қолды еткен телефон мен алтындарды сатып, қаражатын бас пайдалары үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.