Түлкібас ауданында отбасылық жанжал кезінде әйелінің анасын пышақтаған ер адам қамауға алынды. Ол өз әрекетін мойындап, сот отырысында оқиғаның қалай болғанын айтып берген.
Әйелімен жанжал кезінде енесі араға түскен. Сол сәтте ер кісі енесіне ашу үстінде пышақ сермеп, оң қолын кесіп алған. Жәбірленушінің айтуынша, қызының үйіне қонаққа барғанда қызы жерде жатқанын көрген. Отбасылық ұрыс-керістің үстінен түскен ол күйеу баласына «қой» деп айтқан кезде жарақат алған.
Сот қаулысымен ер кісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 13 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар, оған алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынып, 6 ай мерзімге мінез-құлқына ерекше талап белгіленді. Енді ол профилактикалық әңгіме жүргізу үшін Түлкібас аудандық полиция бөліміне айына 2 рет, әр айдың 10-ы мен 20-сына барып тұруға міндетті.