Қазір Тұран шағын ауданын ішкі орам кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі М. Әйтенов нысандағы үшінші кезектің жұмыстарымен танысып, құрылыс қарқынын қадағалады.
Бүгінде нысан құрылысына 12 адам, 5 техника жұмылдырылуда. Жоспар бойынша 1 кезекте 7, 4 шақырым кәріз жүйесі, 2 кезекте 11,6 шақырым құбыр жүргізілген. Осыған дейін жобада қарастырылған 50,3 шақырым кәріз құбырының 41 шақырымы аяқталып, жұмыстар 82% орындалған.
М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен сапаны назарға алып, құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін аяқтап, нысанды қолданысқа беру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Ал, Әл-Фараби ауданы аумағында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші жүйеде 92,5% құрайды. 2022 жылы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан Шолохов, Хлопзавод көшелерін кәріз жүйесімен қамту жұмыстары толығымен аяқталып қолданысқа берілді. 2023 жылы «Химфарм» шағын ауданына кәріз жүйесін жүргізу бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілген, бүгінде 20 көшеге кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалау сметалық құжат әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, 2024 жылдың жоспарында «Сәуле», «Ақтас-2», «Көркем», «Береке» шағын ауданына кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалық сметалық құжат энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан әзірлену жоспарлануда.
Қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар аяқталса, 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді.
Сонымен қатар, қалада 18 мыңнан астам халқы бар Нұртас шағынауданын кәріз жүйесімен қамту жұмыстарының 65% аяқталды. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2024 жылы аяқталып, нысан пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде биыл қала бойынша қамту көрсеткіші 65 % – дан 75 % – ға артады
Жалпы 2022 жылы Шымкентте 7 шақырымға жуық су және кәріз жүйесі жаңартылған. Ескірген құбырларды жаңарту нәтижесінде нормативтік-техникалық шығын 0,18 пайызға төмендеген. Ал құбырлардың тозу деңгейі 0,5 пайызға азайған.
Қазір Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і немесе 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған 57 шағын ауданды кәрізбен қамту жоспарда бар. Мегаполис тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында инфрақұрылым мәселесін шешу кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.