Түркістан қаласында әккі ұрылар жергілікті тұрғындардың үйіне ұрлыққа түсіп келген. Полицияға жәбірленушілердің бірі арызданған. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреулер оның үйіне кіріп, ақша, алтын бұйымдары мен парфюмерия және қол сағатын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі жарты миллион теңгеден асқан.
Осындай шағыммен полицияға тағы бірнеше жәбірленуші жүгінген. Олардың да үйлерінен ұрылар құнды заттарды жымқырылған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрлық жасаған күдіктілер ұсталды. Сезікті екеу Түркістан қаласының тұрғындары болып шықты.
Күдіктілер жәбірленушілердің үйлерінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, терезе арқылы кіріп отырған. Кез-келген құнды заттарды, техниканы, алтын бұйымдар мен ақшаны қолды еткен. Содан кейін ұрланған бөтеннің мүлкінің бір бөлігін ломбардқа өткізіп, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Тергеу барысында жас жігіттердің жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асатын 10 пәтер ұрлығына қатысы бар екені анықталды.
«Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 188-бабы “Ұрлық” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Полицейлер олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын анықтауда» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.