Таразда 41 жастағы әйел бейтаныс ер азаматқа алданып қалғанын айтып, полицейлерге арызданған.
Жәбірленушінің айтуынша, ол танысына қатысты жүргізіліп жатқан қылмыстық іске көмек көрсету үшін заңды өкілі есебінде қорғаушы жалдайды. Соттың өндірісіндегі іс бойынша адвокаттық қызмет көрсету үшін оған сұрауы бойынша 500 000 теңге ақша береді. Бірнеше күн аралығында істің мән-жайын толық анықтаған ер кісі мәселені шешу үшін тағы 100 000 теңге жіберуін сұрапты. Алайда өзін “қорғаушымын” деп таныстырған тұрғын сұраған қомақты қаражатты алған соң хабарсыз кетіп, байланысқа мүлдем шықпаған.
Жамбыл Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел- іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде Тараз қаласының 36 жастағы тұрғыны анықталған.
“Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде”,-деді Полиция департаментіндегілер.