Түркістан облысында тергеу кезінде екі тұрғынды азаптап, ұрып-соққан 6 полицей сотталды.
Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі (Азаптау) және Қылмыстық кодекстің 414-бабы 1-бөлігі (Заңсыз ұстау) бойынша айып тағылды.
Еске салсақ, өткен жылдың ақпан айында Сауран ауданының полицейлері екі тұрғынды 2 қой ұрлығы бойынша күдікті ретінде полицияға ғимаратына жеткізген. Бір топ полицей ұсталғандарды ұрып-соғу арқылы жасамаған қылмысты мойындатпақ болған. Кейіннен олардың бірі Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз жазып, оқиғаның қалай болғанын тілшілерге айтып берді. Жәбірленушінің айтуынша, тәртіп сақшылары оның басына пакет кигізіп, әбден қинаған. Оның арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қызметтік тексеруден кейін тұрғындарды азаптады делінген полицейлердің барлығы қызметтерінен босатылды.
Қылмыстық іс тергеу үшін өткен жылдың 26 ақпанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолданған. Алайда тамыз айында іс Түркістан облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасына беріліп, аяқталған соң заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Сот үкімімен олардың барлығы да кінәлі деп танылды. Сотталушылардың төртеуіне 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, қалған екеуіне 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Барлығы да 3 жылға құқық қорғау органдарында қызмет ете алмайды.