Жамбыл облысында 26 жастағы жас жігіт ақша бопсалаушылардың құрбаны болды. Оның айтуынша, апта сайын екі азамат 300 мың теңге көлемінде ақша бопсалап келген. Әйтпесе өзіне қатысты ақпаратты жариялап жібереміз деп қорқытқан. Жәбірленушіден барлығы 2 миллион теңге талап еткен.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жәбірленушіден кезекті рет 200 мың теңге көлемінде қаражатты алу кезінде 28 және 29 жастағы жергілікті тұрғындар ұсталды.
«Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігімен (Бопсалау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталғандар кінәларын толық мойындады. 29 жастағы күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оның серіктесіне қатысты “ешқайда кетпеу туралы” бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдіктілердің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде»,-деді Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.