Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) департаменті «ҚазМұнайГаз Инвест» атты қаржы пирамидасының қызметін әшкерелеп, оның заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды.
Алаяқтық схема азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы құрылған. Ұйымдастырушылар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын сатып алуға қатысты жалған ақпарат таратып, жоғары әрі жылдам табыс уәде еткен. Салымшыларға әр 15 күн сайын 50% кіріс түседі деп сендірген.
Алайда тергеу барысында ешқандай бағалы қағаз сатып алынбағаны, ал төлемдердің жаңадан тартылған салымшылардың ақшасы есебінен жүзеге асырылғаны анықталды — бұл классикалық қаржы пирамидасының белгісі.
Салым сомасы 500 мың теңгеден басталған. Нәтижесінде шамамен 200 азамат алданып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Күдіктілер алаяқтық жолмен алынған қаржыға Түркістан облысынан жалпы құны 438 миллион теңгеден асатын мүлік сатып алған: «Tank 500» және «BMW X5» автокөліктері, тұрғын үй, коммерциялық нысан (мейрамхана)
Бұл мүліктердің барлығы туыстарының атына рәсімделген, яғни тәркілеуден жасыру мақсатында әрекет етілген.
Қазіргі таңда, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды, ал күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды күмәнді инвестициялық жобалардан сақ болуға және уәде етілген жоғары табысқа алданып қалмауға шақырады.