Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу барысында, аурухананың бас есепшісі медициналық кереуеттердің құнын негізсіз үш есеге арттыру арқылы мемлекет қаржысын жымқырғаны белгілі болды. Ол бұл әрекетті жұбайының атына рәсімделген жалған баға ұсыныстары арқылы іске асырған.
Өткізілген тендердің нәтижесінде аурухана мен жеке серіктестік арасында жалпы құны 259 миллион теңгеге 220 медициналық кереует сатып алуға келісім жасалған. Бір кереуеттің бағасы 1,2 миллион теңге деп көрсетілген. Алайда нақты нарықтық құны 460 мың теңгеден аспағаны анықталды.
Осылайша, негізсіз шығын сомасы 129 миллион теңгені құрады.
Тергеу аясында күдіктілердің 111 миллион теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды.
Мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде өтелді.
Қазіргі таңда бас есепші екі айға қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.