Астанадағы автобус апатына қатысты әкімдік зардап шеккендерге көмек көрсететінін жеткізді.
Астана әкімдігі жолаушылар автобусы қатысқан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, оларға материалдық және басқа да қосымша қолдау көрсетіледі.
Әкімдіктің мәліметінше, автобус жүргізушісінің жолаушылар тасымалы саласында 15 жылдан астам еңбек өтілі бар. Ол 2020 жылдан бері осы автопаркте жұмыс істейді. Оқиға болған күні жүргізуші міндетті рейс алдындағы медициналық тексеруден өткен.
Жол апатына ұшыраған автобус 2024 жылы шығарылған және техникалық тұрғыда жарамды күйде болған.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты Республика даңғылында орын алған. Апат салдарынан 15 адам жарақат алды, оның үшеуі ауруханаға жатқызылған.