Қазіргі таңда кейбір елдімекендер әлі күнге дейін сапалы жарықпен қаматамасыз етілмей отыр. Соған қарамастан, әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал жалпы алдағы үш жылда барлық аудан, аумақтар электр жарығымен қаматамасыз етіледі.
Республика күні қарсаңында Шымкент қаласы Абай ауданы, Жаңаталап елді мекенінде қосалқы станция іске қосылды. Қазір 1361 абонент сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілген.
Салтанатты шараға үшінші мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов қатысты. Қала әкімі Шымкент қаласының әрбір проблемасы оның жеке бақылауында екенін атап өтті. Ол сондай-ақ бір уақытта барлық мәселелерді шешу мүмкін еместігіне тоқталып, алайда оны бір-бірлеп шешуге уәде берді.
«Біздің мақсатымыз бірнеше жыл ішінде орындалды. Халық пен әкімшілік органдары арасындағы осындай өзара іс-қимылдың болғанын қалаймын. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз көптеген мәселелерді шеше аламыз. Бұл жұмыстар бойынша құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Міне енді сіздер белгіленген мерзімде және арзан бағамен сапалы электр энергиясын тұтынуға мүмкіндік алдыңыздар» — деді үшінші мегаполис әкімі.
Айта кетейік, Жаңаталапта 42,19 шақырым электр беру желілері жүргізілген. Сондай-ақ, 21 трансформатор мен 1312 бағана орнатылды. Бұған дейін тұрғындар жекеменшік желіден электр жарығын тұтынып, кВт-қа 27-30 теңгеден төлеген болатын. Енді олар неғұрлым тиімді бағамен электр жарығын пайдалана алады. Яғни, 17,9 теңгеге дейін төмендейтін болады.
Қазіргі уақытта абоненттерді жаңа желіге қосу жұмыстары жүргізілуде. Ең алдымен, құжаттары нормаларға сәйкес келетін үйлер қосылатын болады.
«Жыл соңына дейін Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле-2, Жаңаталап және Солтүстік саяжай елді мекендерінде электр беру желілерінің құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Жоспарға сәйкес, 2023 жылдан бастап мегаполис тұрғындары электр энергиясының тапшылығын сезінбейді», — деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.