Полиция олардың заңсыз әрекетін кездейсоқ анықтапты. «ГАЗель» жүк көлігінің жүргізушісі күре жолдың бойында рөлге ие бола алмай аударылып қалған. Жол бойында жантайып жатқан көлікті тексерген полицейлер 66 қапшыққа үш тоннадан астам балық тиелгенін аңғарған. Тексере келгенде бұл жүктің тиісті құжаты жоқ болып шықты. Бұл аздай жүргізушінің жауапкершіліктен жалтару үшін көлігіне жалған нөмір таққаны да анықталды. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
«Көктем келе өңірде балық саудасы күшейеді. Осыған байланысты БҚО полиция департаменті «Бекіре» алдын-алу шарасына кірісті. Рейд кезінде тонналап заңсыз балық тасыған тағы бір күдікті анықталды. Оның көлігінен табылған 2 тонна балықтың еш құжаты болмаған. Сонымен қатар 3 қапшық балықты базарға жеткізбек болған тағы бір тұрғын анықталды. Қазір олардың үстінен ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық жолмен көрінеу жолмен алынған мүлікті иемдену немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды», деп хабарлады БҚО ПД баспасөз хатшысы.