Павлодарда әлдекім мектеп ғимаратында жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған. Онымен қоймай белгісіз азамат білім ұясында террористер жүргенін айтқан. Бқл туралы ол облыстық Төтенше жағдайлар департаментіндегілерге мәлімдепті.
Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінен 1048 оқушы мен 83 қызметкер эвакуацияланды. Білім ұясына шұғыл жеткен саперлар тексеру жұмыстарын жүргізіп, ешқандай жарылғыш зат табылмаған.
Жалған қоңырау бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Еске салсақ, күні кеше Павлодарда әлдекім тұрғын үйге бомба қойылғаны туралы хабарлап, жұртты аяқтан тік тұрғызған болатын. Ол кезде де жарылғыш зат табылған жоқ. Қоңырау шалған азамат ұсталды. 1980 жылы дүниеге келген ер адам сүйіктісімен ренжісіп қалып, осылайша әзілдеспек болыпты. Бұл кезде мас күйде болған екен.