Жаңа аудан Шымкенттегі ең ірі Абай ауданын бөлу нәтижесінде пайда болады. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы — 36 мың гектар, халық саны — 210 мыңға жуық адам.
Аудан құру мәселесі Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясының күн тәртібінде қаралды. Қазірдің өзінде ауданның шекарасы белгіленген.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, қалада демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, Шымкент республикалық маңызы бар қалалар арасында жер аумағы бойынша бірінші орында.
Мегаполис құрамына бір кездері қалаға қосылған 41 ауылдық типтегі елді мекен кіреді. Бұл ықшамаудандар мен елді мекендерді дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңа аудан құру қажеттігін атап өтті. Оны құру қала менеджментін жақсартуға және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Халық өкілдері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Жаңа аумақтық бірлік қалай аталып, аудан әкімі болып кім тағайындалатыны әзірге белгісіз.