Шығыс Қазақстан облысында жас жігіттен 500 мың теңге бопсалаған тұрғын ұсталды. Аталған фактіні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Глубокое ПБ криминалдық полициясы бөлімшесімен бірлесіп анықтаған.
20 жастағы жәбірленушінің айтуынша, Глубокое ауданы, Березовка ауылының тұрғыны өзінің күшінің басымдығын пайдаланып, одан 500 мың теңге талап еткен.
Арнайы операция барысында жарты миллион теңге алғаннан соң күдікті ұсталды. Ол полицейлерді көргеннен кейін жасырынып, жол бойында купюраларды тастап кеткен. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Одан заңсыз әрекеттерін растайтын ақша қаражаты тәркіленген.
«Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның әрекеті 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны көздейтін ҚР ҚК-нің 194-бабы 1-бөлігі (Бопсалау) бойынша сараланады», – деп атап өтті ШҚО ПД бастығының орынбасары Алмаз Төкенов.