Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы букмекерлік кеңсені өртеп жіберген 37 жастағы ер азаматқа сот үкімі шықты. Облыстық сотта қаралған қылмыстық іс бойынша сотталушы кінәлі деп танылып, бес жылға шартты мерзімге сотталды.
Сотталушы Әсет Сүлейменов енді ойын клубына келтірген залал бойынша шығынды өтеуі керек. Бұл туралы қылмысқа барған тұрғын Facebook парақшасында жазды.
«7 айға созылған LOTO клубтың соты бітті. Алланың қалауымен, достарымның, аға-інілерімнің, халықтың дұға-тілектерінің арқасында бес жыл шартты мерзімге сотталдым. Ең бастысы, әке-шешемнің, бала-шағамның , бауырларымынң қасындамын. Енді алда азаматтық іс бойынша сот бар. 9 миллион өтемақы төлену керек. Бас аман болсын. «Ер жігіттің басына қыл арқан шірімес», бұл сынақтан да шығармыз. Қолдау көрсетемін деген бауырларым Каспи голд нөмерім осы (87760408540 Асет Сулейменов)» деп жазды ол.
Еске салсақ, ағымдағы жылдың ақпан айында 20 жыл бойы құмар ойынға ақша тігіп, 200 миллион теңгесін ұтылған Әсет Сүлейменов Бейнеудегі ойынхананы өртеген болатын. Ол бұл қадамға саналы түрде барғанын айтып, өзінің желі парақшасында бейнеүндеу жолдаған еді.
«Осы ойынды ойнап келе жатырғаныма 20 жылдан көп уакыт болды. Бұл азарт ауру ма, білмеймін.. Осы уақытқа дейін сол жылдарда «200 000 000 теңге ұтылдым» деп айтуға болады. Осы менің түбіме жетті… Осы құмар ойынға ақша тауып салу үшін барлық құйтырқы әрекеттерге бардым… Ауылдың азаматтары, ауыл жастары мен сияқты қор болмасын. Осы өртенгеннен қайта аша қоймас деп ойлаймын. Мен-ақ сотталып кете қояйын… Әрбір істеген ісімді басыммен көтеремін»,-деді ол ойынханаға өрт қойғаннан кейін.