Нұр-Сұлтанда бір дүкенде қатарынан екі күн ұрлық жасаған 28 жастағы жігіт ұсталды. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жас жігіт дүкенге сатып алушы кейпінде келіп, алкогольді ішімдіктер сататын сөрелерді айналшықтап жүреді. Бейнежазбадан ер адамның алдымен бір бөтелкені, ал біраз уақыттан кейін екінші бөтелке вискиді алғанын көруге болады. Күдікті спирттік ішімдікті киімінің арасына жасырып, дүкеннен шығып кетеді.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысында күдіктінің екі күннің ішінде дүкеннен жалпы құны 50 мың теңге тұратын 6 бөтелке виски ұрлағаны анықталған.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексерілуде»,-деді полицейлер.