Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 61 мың бала баспана кезегінде тұр. Жалпы баспана кезегінде тұрған қазақстандықтар саны 621 мыңнан астам. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Бүгінгі таңда еліміз бойынша 621 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 432 мыңы әлеуметтік осал дағдайдағы адамдар. Бұлардың ішінде ең осал және тұрғын үй мәслелерін шешуге аса мұқтаж адамдардың төрт басым санаты бар. Біріншісі – көпбалалы отбасылар. Олар – 91 мың азамат. Екіншісі – бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қазақстандықтар. Мұндай 51 мың азамат бар. Үшіншісі – мүгедек баласы бар отбасылар, мұндай санаттағы 24 мың азамат кезекте тұр. Төртіншісі – жетім балалар. Олардың саны — 61 мың», — деді спикер.