Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мүмкіндігі шектеулі адамдардан паспорттар мен жеке куәліктер бергені үшін мемлекеттік баждарды негізсіз алу фактілерін анықтады.
Талдау барысында 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарының бұзылғаны анықталған. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес аталған тұлғалар құжаттандыру қызметтері үшін мемлекеттік баж төлеуден босатылған.
«Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесі көтерілді. Қазіргі уақытта полиция органдарымен бірлесіп төленген мемлекеттік баждарды қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Талап етілген баждардың жалпы сомасы 1 345 000 теңгені құрады» делінген агенттік мәліметінде.