Техникалық қызмет көрсету станциясындағы жарылыс биыл ақпан айында болған еді. Жарылыстан «Альтаир» көлік жөндеу орталығының ғимараты қирап, іштегі және аулада тұрған 11 көлік зақымданған. Оларды қалпына келтіру мүмкін емес, — дейді көлік иелері. Әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүрген олар істі тергеу әдейі созылып жатыр деген пікірде.
«Кеткен дүниені қайтарамыз деген адам жоқ. Орталық иесін ешқашан көрген емеспіз. Кредитке алған соң, айына 126 мың теңге төлеймін. Тергеушілер ештеңе айтпайды, істі ай сайын екі айға созып, міне алтыншы айға кетті», — дейді Павлодар тұрғыны Камшат Қанафина.
Камшат Ақтөбеде кондитерлік өнімдерді жеткізу бизнесі үшін тоңазытқышы бар «Газель» көлігін 8 миллион теңге несиеге алған. Алыс жолға шығар алдында машинаны бір қаратып алайын деп сол орталыққа апарған. Жарылыс болған кезде аулада тұрған «Газель» бетонның астында қалғанын айтады. Енді көпбалалы ана көліксіз, табыссыз және үлкен қарызбен қалдым деп күйініп отыр. Автокөлік несиеге сатып алынған, оның ақшасын 6 жыл өтеуі керек.
«Бір күн бұрын «Тойота 200» маркалы көлігімді жөндеуге әкеліп қойдым. Түнде жарылыс болды. Көлігім енді жарамсыз. Сатып алғаныма небәры 1 ай болып еді, несиеге 16 миллион теңгеге алған көлігім. Тергеу не себепті баяу жүріп жатқанын түсінбеймін», — дейді көлігі бүлінген тағы бір тұрғын Абат Еркінбек. Тергеу тобының сарапшысы Абаттың көлігін 14 миллион 300 мың теңгеге, Камшаттың «Газелін» 6,5 миллион теңгеге бағалаған. Бірақ, көліктің өтемақысын алу үшін олар сотқа жүгінуі керек. Алайда, сотқа тапсыратын құжатты полиция бермей жатыр, — дейді наразы топ.
Техникалық қызмет көрсету станциясының басшылығымен немесе қызметкерлерімен сөйлесу мүмкін болмады. Олар тілшілерді көргенде қақпаны жауып алды. Ал, полиция тергеу құпиясына сілтеме жасап, құрғақ түсініктемемен шектелді.
«ҚР ҚК 292-бабы 2-бөлігі «Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабымен қозғалған іс әлі тергеліп жатыр. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады» , — деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Еске салайық, көлік жөндеу орталығындағы жарылыстан кейін қиранды астынан 67 жастағы күзетшінің мәйіті табылған болатын. Қайғылы оқиғаға кім жауап беретінін полиция айтпай отыр. Қылмыскерді сот анықтайды. Кінәсі дәделденсе 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ ол барлық зардап шеккендерге өтемақы төлейтін болады. Алайда соттың қашан басталатыны әзірге белгісіз. Қылмыстық іс әлі тергелуде. Жарылыс болған орталық қазір жұмыс істеп тұр. Бүлінген көліктер полицияның айыптұрағына қойылған
.