«Парасат» тұрғын алабы Ақтөбе қаласынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. 2017 жылы бұл аумақтан кезекте тұрған 3 мыңға тарта адамға жер телімдері үлестірілген. Содан бері 5 жыл өтсе де, ауданға коммуникация желілері жетпеген. Пәтер жағалап жүрген халық жылдар бойы күткен жерді алғанына қуанып, шама-шарқы жеткенше үй сала бастаған. Қазір мұнда 200-ге тарта үй бар. Ешқандай жағдай болмаса да, кейбірі сонда тұрып жатыр.
«Жалдамалы пәтерде тұрамыз, «Парасаттағы» суы, электр энергиясы, газы жоқ үйге қоныстана алмай отырмыз. Болса, бәріміз көшіп келер едік», — дейді «Парасат» тұрғыны Жарқынай Самаева.
Жарықтың жоқтығынан құрылыс жүріп жатқан үйлерде ұрлық көбейген. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс материалдары мен құрал-саймандар жиі ұрланады.
«Мен үйімнің есік-терезесін салып қойдым. Ұрылар түсе ме деп түнімен ұйықтамай шығамын. Бәрін ұрлап жатыр. Маза кетті. 5 жылда ауданға жарық, газ, су өткізетін уақыт болды ғой?!», деп ашынады зейнеткер Шәкіржан Сарманов.
Тағы бір тұрғын Тұрар Исмаиловтың айтуынша, «Парасат» тұрғын алабына 2018-жылы газ құбыры тартыла бастаған. Құрылысы екі жылдан кейін біткенімен, әлі күнге дейін іске қосылмаған. «Себебі, сынақтан өтпеді»,- деді Тұрар.
Билік өкілдерінің салғырт жұмысы мен құрғақ уәдесінен шаршаған жұрт «Парасатқа» коммуникация желілері тартылмаса, жолды жауып, бойкот жариялаймыз деп бекініп отыр. «Жолды жапсақ, жоғары жақ бізді еститін шығар?! Біз құрбан бола қояйық», -дейді тұрғын Серік Әбуғалиев.
Халық жиналған жерге көп күттірмей әкімдік өкілдері келді. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Дәулет Нәбиханның айтуынша, «Парасат» тұрғын алабына электр сымын тарту үшін 2017-жылы жобалық-сметалық құжат дайындалған. Алайда, белгісіз себептермен мемлекеттік сараптамадан өтпей қалған. Құжат тек өткен жылдың желтоқсанында түзетіліп, жақында экологиялық скринингке жіберілген.
«Экологиялық скринингте құжат 33 күн қаралады. Содан кейін мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Ол 45 күнде дайын болады. Қорытындысы бойынша, әрі қарайғы жұмыс жоспарланады. Ауыз су құбырының жобасы дайын тұр. Ол да алдымен экологиялық скринингтен, содан кейін мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс», — деді әкімдік маманы.
Ол газ мәселесі қашан шешілетінін айтты. Маманның сөзінше, газ жүргізген компания тиісті құжаттарды жақында тапсырған. «Қазтрансгазаймақ» АҚ Ақтөбедегі мамандары «Парасаттағы» үйлерге газ қосу жұмысын енді бастайды.
Жалпы, Ақтөбеде жер кезегінде тұрған жандарға 2017-2018 жылдары «Рауан-2», «Думан», «Парасат»,«Жаңақоныс 3,4» секілді бірнеше тұрғын алабынан жер телімдері берілген болатын. Ешбірінде коммуникация желілері толық тартылмаған.