Бүгіннен бастап наурыздың 27-не дейін Ақтөбенің әуежайына ұшақ қонбайды. Бұған ұшу-қону алаңындағы жөндеу себеп. Жолаушылар ұшу билетін қайтаруға мәжбүр. Алматы мен Стамбұлдан келуі тиіс екі ұшақ кеше Ақтөбеге ұшпаған. 300-ге тарта жолаушы қалаға жете алмай жатыр. Керісінше, Ақтөбеден басқа қалаларға ұшып кетуі тиіс жолаушылар да не істерін білмей дал.
«Баламыз екеуміз Стамбұлға билет алдық. Тур, қонақ үй ақысын төлеп қойдық. Енді Ақтөбеден ұша алмай отырмыз. Көршілес Ақтау, Атырау, Оралдан ұшуға болар еді, бірақ ол жаққа немен жетеміз? Пойызға билет жоқ»,- дейді жолаушы Асқар Садықов.
«Біз «Қазақстан әуе қызметі» АҚ-ы өкілдерінің нұсқауымен наурыздың 11-де әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеуді бастадық. Бүгінге дейін 60 бетон тақтайшаны ауыстырдық. Тек түнгі рейстерді қабылдап, амалдап едік. Енді әуежайды толық жабуға тура келіп тұр. Себебі, әуе қызметінің инспекторлары жолақты қайта тексеріп, тағы да ақау тапқан. Енді ұшу-қону алаңындағы 218 тақтайшаны жаңарту керек», — деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.
Әкімдік өкілі жөндеуді 27-наурызға дейін аяқтаймыз деп отыр. Инспекторлар тағы тексеріп, жолақтан ешқандай кемшілік таппаса, әуежай сол күні ашылады.