Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Елорда әуежайында жоғары мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды.
Ақордада Түркия Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның әнұрандары орындалды.
Одан кейін Қазақстан мен Түркия президенттері екі елдің Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің IV отырысы шеңберінде келіссөздер жүргізді.
Кездесу аяқталғаннан кейін Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері алты маңызды құжатқа қол қойды.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау рәсімін өткізді.
Кездесудің ресми бөлімінен соң бауырлас екі елдің басшылары үстел теннисін ойнауға кірісті. Айтпақшы, бұл олардың алғашқы ойыны емес екенін атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың мамыр айында Қ.Тоқаев пен Р. Ердоған Анкарада үстел теннисін ойнауға мүмкіндік алды.
Айта кету керек, Қ.Тоқаев үстел теннисінен әуесқой ойыншы саналады. Президенттің кезінде Қазақстанның үстел теннисі федерациясын 13 жыл басқарғаны тағы белгілі.