Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның жоспардан тыс отырысында осындай шешім қабылданды. Қазір тәулік бойы кезекшілік қойылып, ауылдың 500-ден астам тұрғыны түнімен бөгет тұрғызды.
Миялы ауылын су басуына жол бермеу мақсатында жиналған суды өткізу үшін «Миялы-Қарабау-Индер» автожолы бұзылған еді. Жырылған жерінен аққан су айналып, Жарыпшыққан өзеніне қосылуда. Ал бір бөлігі бөлініп, ауылдың іргесіне дейін жеткен. Дегенмен мамандар жағдай қатаң бақылауда екенін айтып отыр.
«Ауылдың 500-ге жуық еріктілері және техникасы жұмыс істеуде. 3 мың қапшық, 20-дан астам КАМаз құм төселіп, бөгет тұрғызуда. Асфальттан жырған су екінші бөлікке аққан. Сол су ауылдың іргесіне қолдан жасалған бөгетке тірелді. Қазір ешқандай қауіптілік жоқ. Асфальттың екінші бөлігінде аққан су деңгейі 20-25 см түсті. Жағдай бақылауда»,- деді Қызылқоға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Дастан Әділхан.