Қазір аймақта қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ осы салаға жауапты шенеуніктер қуаңшылық орнап, шөп шығымы нашарлай ма деп қауіптеніп отыр. Осыдан кейін аймақ әкімі Ғали Есқалиев шөпті өзге өңірлерге тасуға, сатуға тыйым салды:
— Бір бума шөптің бағасы 5 мың теңгеден аспауы тиіс. Далалық жұмыстар кезінде техниканың жағдайына мән беріп, қауіпсіздік сақталуы керек. Жаздың қалай болары әлі белгісіз. Сондықтан орылған шөпті облыс аумағынан шығаруға тыйым саламын! Көлік инспекциясы осы істі өз бақылауына алып, қадағалауды күшейтсін!,- деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.
Облыс шенеуніктерінің бұлайша сақтық танытуына өңірдің оңтүстік аудандарындағы бірнеше жылға созылған қуаңшылық әсер етсе керек. Шөп тапшылығынан не істерін білмеген шаруа қожалықтары мен тұрғындар төрт түлікті етке өткізіп, мал басын азайтуға мәжбүр болған еді.