Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданында жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз азамат оның сеніміне кіріп, шетелден әкелінген «Subaru impreza» автокөлігін ел аумағында есепке тіркеп беремін деп 800 мың теңгесін алған. Алайда 4 ай өтсе де түрлі сылтауды айтып не ақшасын қайтармаған, не уәдесін орындамаған. Осыдан соң алаяқтың құрбаны болғанын түсінген ер адам полицияға арыз жазған.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел-іздестру жұмыстары нәтижесінде күдікті тәулік ішінде анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде» делінген облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.
Белгілі болғандай, алаяқ жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, сеніміне кірген. Кейін түрлі сылтауларды айтып, ақшасын бермей уақытты ұзартып жүрген. Осылайша күдікті ер азамат пайдакүнемдік ниетпен, алаяқтық жолмен оңай ақша тапқысы келген. Алаяқ алған ақшаны өз қажетіне жұмсап жіберген.